Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  104


Автор: Ибрагим Иса

Шал

Шал келеді жұпынылау киінген,
Жалғыз өзі сапар шегіп жырақтан.
Қарт денеге бола алмай тұр күнің де ем,
Күзгі өзеннің жетеді үні құлаққа…
Төгілуге жақын-ау бұлт төменгі,
Шыр айналып шырылдайды құстар да.
Мынау қажып біткен бастан тек енді,
Мұң аралас көңілсіздік ұшты алға.
Барлығын да жақсылыққа балайды ол,
Қарайды ұзақ кезіккеннің бәріне.
Шыршаға да, құстарға да қарайды ол,
Бәлкім, ауыр шығар жалғыз кәріге.
Тоңып, әбден күшейгенде ентігі,
Ауқат беріп, сәл-пәл көзін ілдіріп,
Жол-жөнекей барған үйдің кемпірі
Жетім шалдың көңіл-күйін жүрді ұғып.
Оған таңсық қарайған зат кез-келген,
Сәл бүкшиген арқасында жол дорба.
Айтып келе жатыр сараң сөздермен,
Тағдырына алғысын да ол зорға.
Ойда түк жоқ.
Барлығы да бүлінген.
Төніп тұрған қарабұлттан ықпайды.
Келеді ілбіп жұпынылау киіммен,
Жаны таза, тазалықты құптайды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу