Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  119


Автор: Ибрагим Иса

Жүрегімде жүрген жан...

Нұр дегенде, күн екенін білесің,
Нұр дегенде, кім екенін білесің.
Өсиет қып ұстап жүрген осы жан,
Қасиетті Түркістанның киесін.
Сұстылау боп көрінгенмен кей күні,
Оның шексіз махаббаты, мейрімі.
Осы жанның жүрегінде Каспийдің,
Шағалалар ұшып жүрген айдыны.
Билер сынды тозбайтұғын шапаны,
Әйтекеден алған сынды батаны.
Мен білетін түрі осы қазақтың,
Найманның да бір ұлы осы сапалы.
Ешкім оны өсірген жоқ жетелеп,
Өз шыңына өзі жетті төтелеп.
Жүрегіңді жібереді жібітіп,
Жалғыз ауыз айтқан сөзі «көке» деп.
Туысқандық көңілінде жоқ кірбің,
Сол көңілін қимаған соң кеп тұрмын.
Алматыдан Ақтөбеге жеткенше,
Көңілдегі кірбіңдерді лақтырдым.
Қаратаудың қасиетті тасындай,
Жанартауы жатқан сынды ашылмай.
Бір өзі бір қайталанбас ғасырдай,
Көрген кісі Айқанов деп қалатын,
Нұрсапаның бар болмысы осындай.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу