Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  133


Автор: Ибрагим Иса

Мұңаю мен қуану

Мұңаю мен қуанудың бөлінбейді арасы,
Кейде оны түсінгенмен аңғара алмай қаласың.
Кетсе алысқа бір баласы оралғанша Ата-Ана,
Мұңаяды қуанышпен аңсап күтіп баласын.
Кейде сөздің астарламай айтар болсақ ашығын,
Мұңаю да қуанғандай тұрар кейде жасырын.
Келмей қалса уәделесіп келем деген жеріне
Мұңаяды күткен жандар келеді деп ғашығын.
Талай шаңырақ талай құсын қуанышпен ұшырды,
Ұшырды да өмір сырын тереңірек түсінді.
Парызы ғой ұшқан құстың өз ұясын салуға,
Шаттығына тоймасың да, қимасың да құсыңды.
Қарсы алдыңда тұрса дағы қуанышты таң күліп.
Ата-Ананың қыз бергенде, мұңаюы заңдылық.
Қуанасың өз ұясын тапқанына құсыңның,
Өмір деген осылайша жатады ғой жаңғырып.
Бақыттымын дегендердің бәрінен де сұраңыз,
Мұңаюдың іргесінде тұрар күліп қуаныш.
Тамып түскен қимастықтың мөлдіреген тамшысы,
Өз үйінен басқа үйге кетер кезде Анаңыз.
Мұңайғанмен Құдай берген ажырайды қыз сенен,
Бірақ қыздың қызу аты туған үйде өшпеген.
Бұл жалғанда таусылмайды қыздар салған ұзақ жол,
Сапар шегіп келеміз сол өмір атты көшпенен.
Әуел баста осы емес пе сұрағаның Құдайдан,
Достарың да осы тойды күткен еді талайдан.
Жаңа өмір басталады енді неке сарайдан,
Сәл мұңайған Гүлшаттың да Ата-енесі кетерде.
Қарлығашын ұшырғанда Елеусін де мұңайған.
Адамзаттың келер күні – болашағы белгісіз,
Ал, Тұреке, қуаныңыз, мұңаймаңыз енді Сіз.
Мұңайғаның таусылмайтын қуанышқа жалғассын,
Бұл бір ғажап отау болсын, ешбір адам сенгісіз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу