Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  119


Автор: Ибрагим Иса

Өшпейді мәңгі есімің

Бір әулеттің жүрегін дүрсілдеткен,
Оянбайды ол,
қаншама келсін көктем.
Отан үшін,
елі үшін жанын қиған,
Ұмытпайды ел батырын
қыршын кеткен.
Соғыста өлген ұлдардың
батыр бәрі.
Айтылған жоқ олардың
ақырғы әні.
Жас өмірі қиырда қиылса да,
Жүрегінде халқының жатыр бәрі.
Олар батыр, ұрпаққа өнегелі,
Жаймай кетті жаятын керегені.
Олар гүлін елінің термей кетті.
Көрмей кетті немере, шөберені.
Өткен күннің айналар бәрі аңызға,
Жоқ болса да атамыз арамызда.
Уақыт өтсін, жүреді өшпей мәңгі,
Адырандай атыңыз санамызда.
Ағайынның бұл күнде басы бүтін,
Атыңды енді ешкім жоқ өшіретін.
Есіміңді келеді асқақтатып,
Артыңдағы қалдырған үш үмітің.
Көрмейміз бе, біз бәрін көреміз бе,
Көтерейік әруақты төбемізге.
Жүрегінде өлгенше сақтап өткен,
Қасиетті Әлиман әжеміз де.
Өлмейді рух, әйтеуір көрінер шын,
Уақыттың сұрапыл желі келсін.
Осы көше келешек ұрпақтардың,
Бақытына бастайтын жолы болсын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу