Өлеңдер ✍️
Нұржігітке
Досым, мені сен бүгін мазалама,
Шулы ортада ақын жыр жаза ала ма.
Шаршамай да, шалдықпай да қайтып келші,
Көңіліңнің кірбінің тазала да.
Жаралған соң жүрек боп, сағынбас па,
Кеудемдегі лаулаған жалын басқа.
Ертеңіме бірдеңе қалдырайын,
Уақытымды өлтірме менің басқа.
Көрсетейін өзімше өз әлімді,
Жазып-жазып кетейін жазарымды.
Арманым жоқ,
әйтеуір қалдырғаным,
Сәл серпілте алса егер қазағымды.
Қазір менде мақсат та, арман да өзге,
Қиын екен іліну бірден көзге.
Қалдырайын бірдеңе, бұл өмірді
Енді ғана түсініп жүрген кезде.
Шыққанымен ертең де күнім күліп,
Басқаша боп кетеді бүгінгі үміт.
Сенесің бе, енді-енді тұрғандаймын,
Мынау жұмбақ дүниенің сырын біліп.
Шуы да жоқ тұратын құлақ талып,
Барады өмір керемет сияқтанып.
Өлеңіммен оңаша отырып бір,
Өзіме өзім кетейін сыр ақтарып.
Досым, мені сен бүгін мазалама!
2
Маған қымбат қашанда асыл бағаң,
Саған ашам сырымды ашылмаған.
Түскен көңіл қақпанға, босанады,
Сен телефон соққанда, досым маған.
Атқан сайын қалықтап шағала-Таң,
Сенен хабар күтемін далаға тән.
Жанға жылы, жанашыр сөздеріңмен,
Өз-өзімнен биіктеп бара жатам.
Ақылыңмен, әдемі күлкіңменен,
Көңіліңді тосасың үлпілдеген.
Сен ақын боп, мен әкем боп күткендей,
Сөзің, бейне, сияқты сүйкімді өлең.
Жаның-ақын.
Тыңдайсың өлеңді ұйып,
Парасатты әкім жоқ сенен биік.
Саған деген қимастық, сыйластықты.
Төгіп-шашпай, әйтеуір, келем жиып.
Көрген жоқсың көңілімді салқындатып,
Алысымды жүресің жақындатып,
Сенің қимас көңіліңнен артық кейде,
Керегі жоқ сияқты ақынға түк.
Жүрмесем де жаныңда күнде сенің,
Жиі-жиі сырласып, тілдесемін.
Жүрегіңнің соғысын түсінбесем,
Өзің жайлы мұншама білмес едім.
Сырыңды да айтасың маған сеніп,
Өмір болса болармын саған серік.
Әттең досым, ертеңді болжау қиын,
Бара жатқан уақытта заман шөгіп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter