Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  118


Автор: Ибрагим Иса

Жырау

Берік Жүсіповты тыңдағанда туған ой
Тамсанып талай әнге желпінген ем,
Сазыңа жан жоқ шығар серпілмеген.
Шанағын күмбірлеттің көңілімнің,
Шектерін сыңғырлаттың шерітілмеген.
Қайтемін өткенді айтып, кеткенді айтып,
Төгіліп көмекейден жатқандай құт.
Жібердің жан-дүниемді нұрға бөлеп,
Келгендей қимай кеткен көктем қайтып.
Кешегі сүлейлердің жалғасындай,
Қалқыған қанат бердің жырға сондай.
Талайдың айта алмаған мақамы ғой,
Қазақтың тайпалмаған жорғасындай.
Дауысың естілгенде ұйқы ашылып,
Теңіздің толқынындай жартас ұрып.
Бұлттанған аспан-кеуде қайта ашылып,
Кеткендей бататын күн қайта шығып...
Толқындай бұйраланған бұратылып,
Сазды әуен көмекейден тұр атылып...
Көз ғылып қиялым мен құлағымды,
Тыңдадым жанарымды жұма тұрып.
Ұзаққа шабатұғын шамаң бардай,
Тыңдаушың әуезіңе қалар қанбай.
Ойладым, осы екен деп салтанат ән,
Аруды әшекейлеп шығарғандай.
Желпінді-ау көңіл көптен желпінбеген,
Болады салыстырсам, шіркін, немен!
Сан түрлі әнші құсты сайратқандай,
Айналдым көмекейден бүлкілдеген!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу