Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  143


Автор: Ибрагим Иса

Өкініш

Жан досым Кіребаев Асқардың қазасына
Асқаржан-ай!
Асеке дейтін едім.
Өмірде де,
Өлеңде еркін едің.
Беделім ең сен менің ел жақтағы,
Ел жақтағы сен менің көркім едің.
Жеткіздік-ау дегенде баламызды,
Өткіздік-ау дегенде бағамызды,
Ойда жоқта сиретіп жібердің-ау,
Онсыз дағы сиреген арамызды.
Асқаржан-ай!..
Бұл ажал неткен жауыз,
Сұм ажалдан сан рет сақтанғанбыз.
Жеткізбейді-ау деп жүрген көкжиекке
Қалай ғана тым жылдам кеп қалғанбыз.
Бұл жалғанның қызығы неге өтірік,
Қалған кезде еңсеміз көтеріліп,
Дәл жүректің тұсынан ажал-соққы
Неге ғана аямай кетеді ұрып.
Ауылдағы жібермей өскен іргең,
Қарсы алушы ең барғанда хош көңілмен.
Алматыға аңқылдап жетіп едің,
Қоштасуға келгендей достарыңмен.
Майда-шүйде тірлікпен жоқ есебің,
Қайырламас айдынның кемесі едің,
Жоқтап қалды-ау ұлдарың, асыл жарық,
Тоқтап қалды жүрегің неге сенің?
Алып кеткен байқатпай қолдан сені,
Мына жалған не деген алдамшы еді!
Амал қанша, Қаралы ел-жұртың тұр,
Кеудесінде өксік пен толған шері.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу