Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  114


Автор: Ибрагим Иса

Абырой, немесе өзің жайлы ой

Бауырым Болат Палымбетовке
Алынбаған асу жатсын алда сан,
Өз – өзіңнен қашық кете алмасаң,
Өз ізіңді өзің таптап өтесің,
Жүрілмеген жаңа соқпақ салмасаң.
Мағыналы өміріңнің бар мәні –
Соқпақ салу, әр адамның арманы.
Өтелмеген қарызың мен парызың,
Ең ауыры – осылардың салмағы.
Сезінгенде желкеңде бір жүк барын,
Өлшенеді таппағаның, тапқаның,
Еңселі інім, шаршамасаң болғаны,
Ел сенімін сонда ғана ақтадың.
Назарында жүрген жансың сен елдің,
Қашық болмай, ашық болсын келер күн.
Қалып қоймай, жүрсең деймін жарқырап,
Тасасында шекпен менен шинельдің.
Бақыт деген – абыройың ол сенің,
Анықтайтын өміріңнің өлшемін.
Сүйікті елге биіктерден көрін сен,
Көлемінде қалып қоймай кеңсенің.
Сен өскен жер, мен өскен жер – Шиелі,
Шиелінің топырағы киелі.
Абыройын асқақтатсаң еліңнің,
Сонда ғана туған елің сүйеді.
Ал, абырой оңайлықпен келе ме,
Сенің жолың – талайларға өнеге.
Өз атыңды жалындата бер, інім,
Өз атыңды мызғымастай шегеле.
Сол абырой қай кезде де қорғаның,
Мұнайлы елде абыройсыз болмадың.
Жақындадың ердің жасы – Елуге,
Бұдан әрі арта берсін салмағың.
Өлеңдегі мен де жүйрік бір ағаң,
Ешкімнен де кем болған жоқ сыбағам.
Елге бүгін мақтан етіп жүретін,
Сендей інім болғанына қуанам.
Барлығын да салмақтайды келер күн,
Азаматы болып кеттің сен елдің.
Бір тұтқасын ұстап жүрген ағаңмын,
Әдебиет пен өнердің.
Ой түзелер Қызылорда десем мен,
Сен де шықтың, мен де шықтым осы елден.
Сен де шықтың, мен де шықтым мүшелден,
Мен де жүрдім сенің жүрген көшеңмен,
Сен де жүрдің менің жүрген көшеммен.
Туған жерден жүрсек дағы аулақта,
Балалықтың ізі жатыр сол жақта.
Арманымыз ақ балық боп ілінген,
Сырдарияға салып кеткен қармаққа.
Уақыт шіркін жылдамдатты екпінін,
Сұлу сырдың сұлу көркі жоқ бүгін.
Алматының жауынындай боп өтті,
Шиелінің қауынындай тәтті күн.
Сияқтысың жақсылардың жалғасы,
Сұңқар інім, шаршамашы, талмашы.
Қартаймасын көңілдегі көктемің,
Ортаймасын арманыңның арнасы!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу