Өлеңдер ✍️
Елден хат
«Халың қалай,
үй іштерің аман ба?
Апам қалай,
ауру-сырқау жоқ па әзір?
Не жаңалық болып жатыр қалаңда?
Біздің жақта тұмау деген көп қазір.
Бізде бәрі бұрынғыша,
жұмыс та,
сол бұрынғы ескі көлік тақымда.
Аман барлық ағайын да, туыс та,
орталықтан жаңа үй алдық жақында.
Қысқа қарсы жақсы болды қайта бұл,
болған да жоқ үйіміздің тойы әлі.
Болат досың көрген сайын әйтеуір
сені сұрап,
сәлем айт деп қояды.
Аңды қойдық,
қазір оның кезі өткен,
түк таппайсың іздесең де екі күн.
Ойда жоқта, жақында бір газеттен
ауыл жайлы өлеңіңді оқыдым.
Мұқаш былтыр бармай қалған оқуға,
өкінеді,
деп бір жылым тек кетті.
Сосын тағы, біздің жаққа жақында
сендердің бір ақындарың кеп кетті.
Ертең ерте Қостам жаққа барамын,
білетін бе ең,
біраз жер ғой арасы.
Иә, айтпақшы, әлгі ұзын ағаның
армиядан оралыпты баласы.
Биылғы қыс қаттылау боп ұрынды,
Отын, су да байлап қойды қолымды.
Бел ауруым қайта шықты бұрынғы,
мүмкін болса салып жібер тоныңды.
Қар қалың ба,
жылдағыдан қыс қалай?
Бастыңдар ма тау жақтағы топанды?
Егер елге қайтам десе
ұстамай,
бізге звондап қайтарарсың апамды.
Барсам деп ем,
бастық бермей келісім,
жүр ғой шаруа мойынымды бұрғызбай.
Балалардың бетінен сүй мен үшін,
көріскенше сау бол! – ағаң, Қырғызбай».
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter