Өлеңдер ✍️
Шарап шапағаты
Шаршап тұрмын..,
ақыл сұрап қинама.
Шарабыңнан құй, кәнекей,
құй, бала!
Бұған дейін сыйлап жүрсең..,
құба құп,
Бұдан кейін сыйламасаң,
сыйлама.
Оңды ойлар жетпей жатыр миға әлі,
Жөнді жырлар жүрмей жатып қирады.
Қабағыңнан сездірмеші салқындық,
Шарабыңнан құй, інішек,
құй, кәні!
Бұл шараптан безе алмаймын без десе,
Көңіл күйім ішкен кезде өзгеше.
Ішті неге небір жайсаң, жақсылар,
Бал шараптың қасиетін сезбесе.
Түсінбейтін бұл қызыққа қараңдар,
Адаммын ғой ақылым бар, санам бар.
Түспейтіндер ішсе түсіп қалады,
Ішпейтіндер – аурулар мен арамдар.
Жомарт жандар жаппайды әсте есігін,
Шаршасаң да жасайды олар кешірім.
Шарап ішіп шалқығанның несі айып,
Көңіліңді көтергеннің несі мін?
Шарап ішкен Батыс,
Шығыс,
Түстікте,
Ішкеннен соң ішу керек..,
Іштік те...
Қажеті не босқа былғап ауызды,
Толтырып құй...
Құя ма екен өстіп те?!
Көңіл құрғыр ішпей кетсең бұлыңғыр,
(Көрінгенге айта бермес сырым бұл).
Бал шараптан балқиын деп шығып ем,
Шалқиын деп шығып едім бүгін бір.
Қуу үшін бойыңдағы дертіңді,
Басу үшін ішіңдегі өртіңді,
Қызу керек,
қызу керек кей-кейде,
Арагідік бұзу керек сертіңді.
Төзіміңді,
сезіміңді пәршалап,
Дұшпан – ойлар тұрған кезде қоршап ап.
Сонда сенің сеніміңді суарып,
Сонда саған ара түсер бал шарап.
Ашылғанда кейде көңіл – сарайың,
Қалай ғана ұмытасың, ағайын:
Сеніміңді сайлап берген досыңды,
Қажығанда қайрат берген досыңды,
Күдігіңді байлап берген досыңды,
Қайратыңды қайрап берген досыңды,
Шабылмасты шабылдырған досыңды,
Сағынбасты сағындырған досыңды,
Табынбасты табындырған досыңды,
Бағынбасты бағындырған досыңды,
Кез келгенмен құрдас қылған досыңды,
Көз көргенді сырлас қылған досыңды,
Алысыңды жақын қылған досыңды,
Танысыңды ақын қылған досыңды,
Жауыңды да бауыр қылған досыңды,
Сырқатыңнан тәуір қылған досыңды,
От-басыңды жауыр қылған досыңды,
қалай ғана ұмытасың, АҒАЙЫН!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter