Өлеңдер ✍️
Есіңде ме, сол бір кез...
Есіңде ме,
сол бір кез...
Күз болатын,
Күз болатын қырат, сай сыз болатын.
Аулымыздың сыртында қалың қамыс
Бар еді ғой үнемі біз баратын.
Екеуміздің сол бір панамыз-тын,
Ызғарынан қорғайтын қара күздің.
Ұнаушы еді бізге сол қалың қамыс,
Ұнамайтын жазығы даламыздың.
Пейіш деген біз үшін осы болып,
Сонда талай қызық күн кешіп едік.
Тек сол жерден үнемі табысушы ек
Кеткен кезде сағыныш көшіне еріп.
Көтермеді-ау табиғат еркелікті,
Сол қызықты әйтеуір ерте құртты.
Біреулердің (жауыз-ай!) қас қолынан
Қайран қамыс бір түнде өртеніпті.
Ауыл маңы ми дала, ашық еді,
Біздер үшін сол қамыс асыл еді.
Бұл алғашқы махаббат, өкініштің
Біле алмадым соңы, әлде басы ма еді?!
Екеумізге бұл жаза қатты батты,
Содан өзге таппадық бақ тұрақты.
Медеу етіп көңілге қала бердік,
Келер жылы шығатын көк құрақты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter