Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  131


Автор: Ибрагим Иса

Есіңде ме, (Тек қана сезіктенбе.)

Есіңде ме, (Тек қана сезіктенбе.)
Алғаш рет өзіңе кезіккенде,
Тұр екенсің құрбыңмен
Көңілді едің,
Жақын бардым жайыңды сезіп мен де.
Мінезің де,
Атың да әсем еді,
Жан екенсің бағы мол пешенелі.
Сені ғана
Тек сені көріп тұрдым,
Ұмыттым да көп жұртты көшедегі.
Жерлес болдық
Ойладым бағым ба деп,
Боп көріндің басқадан жаның бөлек.
Ұзап кетер қасыңнан жол таппадым,
Тірелгендей буалдыр сағымға кеп.
Жатсынбадың
Мүмкін ол ашықтығың,
Жан деп білдім ұғардай ғашық тілін.
Сен сөйледің,
мен жиі күмілжідім,
Қысылғаным,
Жоқ әлде жасықтығым.
Тез ұғыстық,
Тағдырдың сыйы болар,
Мен боп алдым қонағың жиі барар.
Қайтқың келсе,
қайтармай
қыдыртушы ем,
Қолайлы бір кез таппай сүйіп алар.
Иә, ақыры сәтті кез безінбеді,
Қоя берді құрсаудан төзім мені.
Ұзақ тұрдың бір түні
Таң атқанша,
Таң атқанша сол түні көз ілмедік.
Содан кейін мен сені жиі аңсадым,
Жиі аңсадым шарықтап қиял – сағым.
Бірте-бірте батыл да болып алдым,
Болып алдың сен менің ұялшағым.
Кеудемізде бір асау ағыс туды,
Кетіп жүрдік бетке алып алыс қырды...
... Уақыт бізді осылай таныстырып,
Бақыт бізді осылай табыстырды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу