Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  245


Автор: Ибрагим Иса

Елге сапар

Жол жүрем бүгін, тағы да бүгін жол жүрем.
Ел жаққа барам, қалтамдағы аздау қаржымен.
Есіме бүгіп, сақтасам-дағы қаншама,
түсіме кіріп, шақырып жүрер ел кілең.
Жол жүрем бүгін, ел жаққа барам тағы да.
із салып қайтам, балалық сонау шағыма.
Қарайлай берем кездесіп қалар ма екен деп,
талайдан бері таба алмай жүрген жоғыма.
Көп болып қалды-ау ел
жаққа жол түспегелі,
таршылық құрғыр жолымды талай бөгеді.
Жүрегімдегі сағыныш атты бұйра бұлт,
ел жаққа барсам қара нөсер боп төгеді.
Елімнің суы, елімнің шөбі аңсатты,
ырду қаланың дырду шулары шаршатты.
Албырт та, адал жүрегімді менің бұл күнде
қаланың қара тас дуалдары қоршапты.
Еліме барам,
Пейіш қой елім, шіркін-ай!
Елімнен табам құлыптаулы көңіл кілтін-ай.
Ойланбай жүріп кете берер ем жар салмай,
Созған қолымды ұзартпай қойды-ау бұл Құдай.
Жол жүрем бүгін,
жол жүгімді аздау алам да,
ауылдың тілі,
ауылдың түрі санамда.
Машиналары құмырсқадай боп қаптаған,
тыныс жоқ мүлдем,
туыс жоқ мынау қалаңда.
Жол жүрем бүгін,
бармасам елге болмайды.
тынысымды ашам,
тіреймін де елге маңдайды.
Ет жақындарым аттанып кеткен келмеске,
ескі достар да азайып қалды...
сол қайғы.
Бәрібір барам,
бәрі де туыс ел жақта,
аңқылдайды олар,
қарамайды олар бар, жоққа.
Ауылым жайлы,
бауырым жайлы жыр жазам,
сүйеніп тұрып,
Анам сүйенген шарбаққа!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу