Өлеңдер ✍️
Шырайлы шардара
Жиегін малып жатады жағаңа аспан,
Сағынышыңа сырлы үнін шағала қосқан...
Бауырыңа жиып жатсың ба, Шардара – сылқым,
Маржандай мөлдір байлықты далаға қашқан.
Ғасырлар бойы намысын бермеген баба,
Бағаңды қайдан біледі көрмеген бала.
Бақытын адам іздейді суы бар жерден,
Өзіңнен үміт үзбейді шөлдеген дала.
Теңіз боп кеттің, әуелде көл екен деп ек,
Жеріңе әлі берерің, берекең бөлөк.
Жұлқынып тасып кетесің, бұлқынып кудең,
Ұйқыда жатқан Аралды оятам ба деп.
Шардара деген шаһардың шамын жандырып,
Ортаймас дейміз байлығың сенің мәңгілік.
Сусаған мынау өмірге жақынсың сонша,
Қызылқұмның да жатырсың шөлін қандырып.
Ырыс болар деп қайтеміз алысқа барып,
Құдіретің бар еліңе өріс боларлық.
Ақжал толқының арындап алға тартады,
Алқынған дария төсінде тыныстап алып.
Балалық шағым кетпейді өмірі естен,
Алатау жаққа, ақынмын, көңілім көшкен.
Оңтүстік жақтың менде бір перзенті едім,
Сол сұлу Сырдың суына шомылып өскен.
Сен жақтан соққан аңсайды ел, самалыңды-ай, деп,
Асау ағыстың алынбас қамалындай боп,
Жәудіреп жатсың әуеден қараған көзге,
Оңтүстік деген өлкенің жанарындай боп.
Жүдетпейді ғой сен барда халықты Құдай,
Аспай да, таспай қайсарлық таныттың ұдай.
Бақ қайда десе:
Төрт дария тоғысқан жерден
Табылар дейік,
жасай бер,
Жарықтығым-ай!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter