Өлеңдер ✍️

Түлкібас
Түлкібас десе, шалқымас қалай көңілім,
Әттең-ай, бірақ түсініп жатыр оны кім!
Түлкібас десе, еріксіз келер ойыма,
Нұржігіт деген Ер інім, жайсаң Сері інім.
Еріп кететін, желіп кететін жол жоқта,
Түлкібас мені алып қашады аулаққа.
Түлкібас жаққа бұрылып кеткім келеді,
Ойлап тұрсам да ірілік бар деп тау жақта.
Осы бір жердің шырайы менен шұрайын,
Шын пейілімен бере салғандай Құдайым.
Кездестірмеппін осындай нұрлы мекенді,
Көрікті жердің көріп жүрсем де талайын.
Көрініп-ақ тұр қасиетті жер екені,
Ұлдар бар мұнда ардақтап өскен Әкені.
Қыздар бар мұнда аялап өскен Ананы,
Ізбасар менен Нұрғалилардың мекені.
Туған жер асқақ ұрпағыменен көрікті,
Асқақ ұлдарын алаламай-ақ беріпті.
Әкімдері бар қорғайтын елдің намысын,
Батырлары бар аспанға атқан бөрікті.
Оянбай жатқан қиялдар қанша басымда,
Осында қимас бауырларым да, досым да.
Сен аңсап жүрген алманың бәрі – осында,
Ел аңсап жүрген миуаның бағы – осында.
Қазақтың жері десек те қанша шұрайлы,
Оңтүстік өлке Түлкібасымен арайлы.
Қараймыз қимай терезесінен пойыздың,
Осы өлкеге ынтазар қылған талайды.
Бақытты шығар кіндігін кескен ұл мұнда,
Қуаныштарым күтіп тұрғандай алдымда.
Нұржігіт деген бауырым туған сол жаққа,
Ойланбай жүріп кете бердім ғой тұрдым да.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇