Өлеңдер ✍️
Сәкен рухымен сырласу
Тар жерден, тайғақ жерден жол табатын,
Шарықтап кетпесін деп сұңқар ақын.
Сұм заман ғұмырыңды қиып түсті,
Халқыңның кескендей-ақ бір қанатын.
Қараған халқымызға харам көзбен,
Ол заман бола алмайды маған безбен.
Тағдырың тура келіп қалды-ау әттең,
Уақытқа жерімізді ажал кезген.
Ойыма оралғанда өткен-кеткен,
Сұмдықтар тұрар сол бір шақтан жеткен.
Қайтадан бүрленбеді, гүлденбеді,
Баяғы жүрегіңде кеткен көктем.
Шындыққа жалғасады аңыз деген,
Жалғасып жатпаса да теңізбенен,
Әлі күн Бурабайда жәудірейді,
Жанары сексен көлдің сені іздеген.
Жаныңа түскен жан ең күн шуағы,
Қазақтың сияқты едің шамшырағы.
Еліңнің жүрегіне жылу шашып,
Халқыңның қиялында жүрсің әлі.
Қашанда сұлулыққа әркім ғашық,
Сұлулық жүреді ылғи еркін басып.
Ғажайып жылуы мол сұлу әнің,
Тұрады сенің сұлу көркіңді ашып.
Қалсын деп байтақ далам қу мекен боп,
Қалсын деп ән бөтен боп, күй бөтен боп,
Таң қалам есерлер мен көсемдерге,
Ажалға қалай сені қиды екен деп.
Өкініш жүректерді жаралайды,
Қастандық қасиетке қарамайды.
Сен мәңгі қазақ үшін биік шыңсың,
Биік шың дауыл соқсын... Құламайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter