Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  123


Автор: Ибрагим Иса

Қайрау

Өрнектеші өмірді келсе күшің,
Әзірге бар мен жоқтың өлшемісің.
Мақсатыңа бөгет боп тұрса біреу,
Сен шегінбе, алдымен ол шегінсін.
Келген жандай бейне бір Айға барып,
Ірі сөйлеп,
Жүрме тек
Майдаланып,
Кірісетін ісіңе кірісерсің,
Алдыменен өзіңді қайрап алып.
Өзіңді өзің тарт алға асықтырып,
Жоламасын бойыңа пасық қылық.
Шыңға шыққан екенмін деп ойлама,
Біздер өткен асуды басып тұрып.
Өшпей бықсып тұрмасын көзіңде мұң,
Сол шаланы өшірсін төзімдерің.
Өзің менің өркенім жайылатын
Ойлайтыным және де өзің менің.
Орны бөлек өмірде әр баланың,
Әке арманын жақсы ғой жалғағаның.
Кетпе ертерек сарғайып жазың жетпей,
Өсімдігі сияқты шөл даланың.
Үмітімсің үзілмес сен де менің,
Үмітіме қашанда сенген едім.
Жақсы болар еді ғой, қатем болса,
Қателескен жерімді жөндегенің.
Байқа балам, бүлдіріп алма бәрін,
Елді алдасаң, өзіңді алдағаның.
Жас сәбидің таза ғой жан жүрегі,
Тазалығын жоғалтпа сол баланың.
Жақсы ғой жаманатты жолатпасаң,
Өмір деген ұрпақпен сабақтасат.
Саған айтып отырмын бұл сырымды,
Қателегімді өзімнің сарапқа сап.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу