Өлеңдер ✍️
Абралы
Атынан айналайын Ата жұрт, киелі Абралы,
Кезінде жерің кетіп, қайталанбас атың қалды.
Болғалы, ырықсыз қырық жыл сынақ алаңы,
Содан бері, болды, жаның сенің жаралы.
Жерұйық ең, кезінде, әлемде теңдесі жоқ,
Алтын алқап, қойның толы қазына көп.
Құтты мекен, шоқтығы ең, Сарыарқаның.
Бұрынғыдай, сенің бүгін келбетің жоқ.
Еуразия кіндігі, мақтаныш ең барлық елге,
Айналған мекеніне ұлылардың өз кезінде.
Зұлымдықтың ордасы – кеткен Кеңес Одағы.
Айналдырды өзіңді полигонның кіндігіне.
Таңданамыз, осындай жерді таңдағанға,
Жасағанда басқа елдер жарылысты аралдарда.
Қайран жерім, туған жұртым, болдың құрбан,
Өзің де, халқың да, зұлмат атом сынағына.
Міне тұрмын, сол алаңда, көз жүгіртіп жан-жағыма.
Құлақ салып, адамы жоқ даланың дауысына.
Үнсіз мекен, жым-жырт, қорқынышты тыныштық,
Ұқсайды, сұрапыл жарылыстардан шаршағанға.
Тұрмын, меңіреу құлазыған жерде мен,
Кезінде қалың топырақ қайнап, тас үгілген.
Үйінді боп, белгі болып жатыр әр жерде,
Бабалардың қоныстары, бейіттері көмілген.
Асқар биік тау еді, Мыржығың мен Дегелең,
Еңсесі түсіп, екеуі де танымастай шөгілген.
Айналыпты болмаған бұрын, Атом көліне,
Мың бұлағың, нәрін беріп, арқаңда сенің өрілген.
Кетірсе де, күшпен еріксіз жердің иесін,
Ажырата алмас, жерден оның ешкім киесін.
Киең ұрды, Кеңес құрыды, кетті күресінге,
Сен оралдың жаралы боп, сағындырған еліңе.
Қасиетті Абралы, Ата қоныс, Жер-ана,
Төздің ғой басқа түскен кесепаттың барлығына.
Көтеріп қасіретін жүздеген жарылыстың.
Қызмет еттің, басқалардың амандығына.
Балаларыңды тұрсың сен құшағыңа ала алмай.
Ұрпақтарың сағынуда, өз анасын аймаламай.
Таң қаламыз, қандай болған жауыз, өз халқына,
Дүлей күштер, қаңсыратқан, зар жылатқан заман-ай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter