Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  106


Автор: Ғалымқайыр Мұтанов

Хакім Абайға

«Қазағым, қайран елім, қалың жұртым» –
Деп соншалықты неге сен күңірендің?
Көңілің қалып достан да, дұшпаннан да,
Жеттің бе шегіне, барлығынан түңілетін?
Мыңмен жалғыз алыстың, жоқ кінә саған,
Түзеймін деп, халқыңды болған надан.
Түсінбейтін өзіңді орта да жетіп жатыр,
Болса да осы күні, дамыған жаңа заман.
Адам көп, дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, «дүниені» мақсат қылған.
Бейнелері қазір де сол қалпында –
Бір ұрты май олардың, бір ұрты қан.
Әлі де аз еліңде «толық» жандар,
Жүрегіңнің түбіне терең бойлар.
Саны топтың әзірше кемімей тұр –
Өзі шошқа, басқаны ит деп ойлар.
Қарғалар жүр бүгінде қарқылдаған,
Алдыртпай, биікті өздері ала алмаған.
Әдеттері баяғыдай, бәз қалпында,
Қыранды жабыла кеп табалаған.
Риза, маржан сөзге халқың саған,
Қаласың ұстаз болып сен әрқашан.
Болашаққа жалғас, жаңа ұрпаққа,
Ғибрат үнің жетер ғасырлардан.
Жүректен ыстық, жұртқа арнаған,
Қалмады сенде сөз айтылмаған.
Сөз түзедің жалықпай өз кезіңде,
Түзелер дейміз, уақыт өте осы заман.
Кетпесе елдің ырқы өз қолынан.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу