Өлеңдер ✍️
Жасын-ғұмыр
I
Жұлдыз-түкті, арғымақ-түн, ай-төбел,
Қанжығаңда қайғым кетіп барады.
Қанды-сия қаламымды қайта бер,
Жазылмаған тағдыр кетіп барады.
Жұпар – Аллам жұлынында бұрқырап,
Өн бойында өлең кетіп барады.
Шықпаған жыр, шығар жандай
шырқырап,
Жүрегімді бебеулетіп қағады.
Қоңыраулатып қобыз үнді жанымды,
Қоңыр мұңы осып өтіп барады.
Алқындырған арманында зар үнді,
Шыр-шыр етіп өші кетіп барады.
Арғымақ-түн, езуінде екі өлең;
Өмір, өлім көбіктеніп барады.
Сулығынан сұм жалғанның кекеген,
Жымиысы көріктеніп тамады.
(Пенделік – ол, жай, əншейін мұң екен)
Мына арғымақ қан жылатып барады.
Көлденеңдеп жолын кесіп бір өтем,
«Күн түбіне жортар» күнім бар əлі...
II
Өмір-өлім – бесік-табыт,
Кеудем – бөлме, жан қонақ қой.
Күні-түні есік қағып,
Уақыт мені алдамақ қой.
Білем...
Бəрін оқып алғам,
Жұлдыздардың жанарынан.
Оның-дағы оты жанған,
Арман ағып алауынан.
Жұлдыз аққан...
Неткен ауыр!
Тірі сурет, өлі дене.
Бейіт жаққа көшкен ауыл
Сағынтты екен сені неге?..
Тас-түнекте шашбауына
шам іліп ап сұлу өмір,
ертіп кетті басқа ауылға.
(Тірлік па еді тіріге бұл?..)
ІІІ
Тұнығы лай бүгінім,
Не болды ертең ғұмырың.
Күлуін-ай, күлуін,
Қылғынулы шырылым.
Шыр-шыр етіп шындық қалай зарланар?
Күлкім бұлай емес-тін,
Кешегім-ай, кешегім.
Елең-алаң елес-күн,
Адастырдың неше мың.
Еш құным жоқ ертеңгіге назданар.
Адаспауым үшін бе,
адасқаным. Кім білсін?..
Жанаспауым үшін бе,
жанасқаным. Кім білсін?..
Жалған солай жаһаннамға жалғанар.
Сөйтеді де күледі
Тағдыр ғой ол себебі.
Өзі бəрін біледі,
Білмесі де көп еді.
Ал, оны айтсаң, өп-өтірік арланар.
Өмір неткен ұстасың:
Түсінгенге тұзақсың.
Қуанғанға қысқасың,
Түңілгенге ұзақсың.
Түу, не деген қап-қара мынау қарғалар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter