Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  192


Автор: Бақыт Беделханұлы

Жүрегі жұмбақ – жаумаған ақ ұлпа қардай...

Жүрегі жұмбақ – жаумаған
ақ ұлпа қардай,
Тау қызын көргем,
(Жасаған, Тəңір-Хақ-Аллай-ай!)
Жыр оқып тұрды ол, мақпалдай
мамық демменен.
...Қар жауып тұрды.
Мен бұлай бұрын есімнен танып
көрмеп ем,
Сезініп жап-жарық нұрды.
Өң менен түстей арасын
аспан мен жердің,
Асқақтығымен астарлап асқар белдердің.
...Күнəсіз оймен құлайды төменге қарай.
Содан соң от демін үрлей,
тебіреніп тұрып қалатын,
өлеңге қалай
айналып кеткенін білмей.
Алақаныма аппақ қар қалғып құлады,
Мөлт еткен көздер əлде бір əнді
ұқтырады.
Сол бір əн менің солқылдап
сом жүрегімдей
Пəктікті аңсағаным-ай.
Əуені қандай? Əуелі соңғы демімдей..,
Содан соң, тау самалындай!
Демінен өлең аңқытқан ақ ұлпа қардай,
Тау қызын көргем,
(Жасаған-Тəңір-Алла-ай!)
...Жыр оқып тұрдым, ал жаным
қалқыды көкке
Арманым қардай ағарып.
Мен солай аппақ əлемде балқыдым
өртке,
Тұншықтым таңдай оянып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу