Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  279


Автор: Бақыт Беделханұлы

Өмір деген осы ғой...

Өмір деген осы ғой, ... бал аштырар,
Таластырар қайтадан жарастырар.
Барыңды да жылатып жоғыңды да,
Таласпайтын дүниеге таластырар.
Өмір деген осы ғой – бар күніңді,
Əн-жырыңды айтқызып зар-мұңыңды.
...Шырылдатып жаныңа арқалатқан,
Құлын-дауыс, құл-мойын тағдырыңды.
Өмір деген осы ғой, сайраттырар,
Қан қаптырар біреуге май қаптырар.
Өлгеннен соң, бұл пəни өз басыңды,
Сарыағаштай сарғайтып, сайғақ қылар...
Ол жылайды, жек көріп өзін-өзі,
Тағдырынан болды ма, өзі мезі.
Жапырақтай жап-жасыл жан-жүрегі,
Тапталғандай табанда сезінеді.
Өмірді де шын сүйіп көріп еді,
Ол да өксітті, абылмай көңіл емі.
Жол іздейді, жол іздеп көміледі,
Өртке оранып жатқандай төңірегі.
Адамдардың барлығын жақсы көріп,
Ақ жүрегін айқара ашты келіп...
Есігі жоқ ескі үйдей иесіз қалды,
Қайран көңіл, кеткендей бақсыға еріп.
Ол жылайды қосылып қаз үніне,
Қайтқан қаздай қайғысы, назы міне,
Ол жылайды тағы да, айтатыны:
«Жауған қардай жанымның жазығы не?!.»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу