Өлеңдер ✍️
Болған ана
Баллада
Ұйықтамайтын күндіз жүріп, түн жүріп.
Əңгіме айтсаң бірді ұқпайтын, бірді ұғып.
Біздің ауыл «Жынды кемпір» дейтұғын
Бір Кейуана өмір сүрді қым қуыт.
Кейде үстіне темір-терсек сымды іліп,
Сыңғырлатып, зарын айтса сыр қылып,
Балалардың көшедегі базарлы
Бар қызығын кететұғын бүлдіріп.
...Содан кейін айтып жүрді ел ауылда
«Бала ұрлайды сол кемпір» деп дүрлігіп.
...Жалғыз тамда жалғыздықтан жалыққан
Кейуананы жіберердей жынды ғып.
Бəріміз де баламыз ғой ана емген.
Оның енді жазыла ма жаны емнен?
...Сұм соғыста ерлікпенен ері өлген.
Ерінен соң бауырын сылып ...бала өлген.
«Қызығым!» деп қыздан туған немере
Ауған жақта алыс жатты тағы елден.
...Бауырына басқан ұлы кешегі,
Аз да болса, көңілінің қошы еді.
Желтоқсанның жендетінің қолынан
Ізім-қайым ол да кетті – деседі.
Осы өмірде өтті қанша дауылдан,
Соны ойласаң сөгіледі қабырғаң.
Арыстарын аза тұтып іздейді
Көр-топырақ бұйырмаған ауылдан.
Содан бері тас болса да бекіген,
Жері жоқ-ты бір пендені жекіген.
Бар бақытын ұрлатып ап қапелім
Бірге өшкендей ошағының отымен.
Бір ғасырдың қасіреті мен қатерін
Көшіргендей əжім əжім бетінен.
Тірі ескерткіш боп отырса, шуақтап
Тамашалап жұрт өтетін шетінен.
Жалғыз үміт жанарда əркез тұнатын.
Сосын, іздеп туған-туыс, жұратын,
Ешкімі жоқ «жынды кемпір» жылайтын
Жүрегінің тауысып бұлақ-суатын.
Жас ағызбай жылайтыны көзінен
Көз жасын ол – «Үмітім» деп ұғатын.
Қысы-жазы білетінім үйінің
Мұржасынан түтін шықпай тұратын.
Қысы-жазы зарығатын күтумен
Бойға жинап барлық жылу қуатын.
Тəуелсіздік алған жылы а, Құдай!
Кейуананы жұрт таң қалды танымай.
Сары сандықтан сары көйлегін
ап шығып,
Сары тоқаш пісірді де тəтті ғып,
Көңілінде бір кірбің жоқ тарыдай,
Көше аралап күліп жүрді ол жадырай.
Тəуелсіздік алдық па? – деп сұрайды.
Алдыменен ауызға алып құдайды.
Енді менің балаларым келед – деп,
Қуанышын жасыра алмай жылайды.
...Жынды кемпір əуеніне басты – деп,
Жұрт күңкілдеп сөз ғып кетті былайғы.
Талмай күткен күндіз жүріп, түн жүріп,
Жарқ еткенде алдынан бір нұрлы үміт.
Ел ұқпаған шын бақытты сезініп,
Ел ұқпаған бір бақытты күнді ұғып,
Енді еңсесін көтерген сол кемпірді,
Жұрт жіберді шыныменен жынды ғып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter