Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  224


Автор: Бақыт Беделханұлы

«...Қарлығаштай қанатымен су сепкен»;

«...Қарлығаштай қанатымен су сепкен»;
Бұл дүниеден ақын да өткен, жыршы
өткен.
Ұлы дала ұлағатын ұлықтап,
Абыз да өткен, аңызынан сыр шерткен.
Көрсе дағы бақ пен қатар сорды да,
Бəрі де оның Қарлығаштай болды ма?
Кей кездері елін сүйген ерлерді
Қойғым келді, осы құстың орнына.
Аңыз да көп дəл осынау, құс жайлы,
(Кім біледі ол, қайда барып қыстайды?)
Неге, осы, айыр құйрық арман-құс
Аспандағы жұлдыздарға ұқсайды?
Қарыс жерге қағып ұшып қанатын,
Қалықтаса, жұлдыз болып ағатын.
Жұдырықтай жүрегімді зулатып,
Бұлтты күні жер бауырлап қалатын.
Кім біледі, құс біткеннің мұңдысы
осы шығар, бəлкім, шуақ-нұрлысы.
Үйіңе кеп, ұя салса ұялтып,
Жүрегіңді жылытатын жыл құсы!
Неге, осы құс, жылы ұяңды нұсқайды,
Үйі бар жан, миы бар жан ұқса, игі.
Бірақ, неге, Қарлығаштың ұясы
Көңілсіздеу күмбездерге ұқсайды?




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу