Өлеңдер ✍️
Бостан-құсым, тосқан құсым сен едің
Бостан-құсым, тосқан құсым сен едің
Қарда жатып шайқалып,
Қаңтарға жетпей қақ жарған.
Қар қарпып шөлін қайтарып,
Қанатынан мұз төгіліп қарманған,
Қыран тектес құс – патшам,
Саған тағдырымды сеніп ұстатсам;
Қиядан құлап ұшпай қыранша,
Кептерше неге пырлайсың?
Көз алдымда көлкіп тұрған мұнарша,
Ұстасам қолыма тұрмайсың...
Ей, менің қыран тектес құс-төрем,
Ұйықтасам болды сен жайлы
аян-түс көрем.
Замандардан зарығып жеткен зау құсым,
Қанатың қақпай қалықта!
Тұғырың болған Алатаудай қарлы шың
Сені сыйлаған біздердей ұлық халыққа.
Ей, менің қыран тектес бек құсым,
Сен сол үшін де тектісің!
Бəрі де аман, тұмарланған томағаң,
қан шеңгелдің ізі қалған биялай.
Балақ бауың – ол да аман,
Көкке бір рет көтерсе деп қиялай!..
Е, менің қыран тектес құс – патшам,
...саған тағдырымды баяғыда-ақ
ұстатсам,
Тұғыры биік, рухы асқақ,
Арқаға аспан – тірек бол дегем.
Алты Алашыма Нұр шашпақ,
Көзіңнен Көктің қуатын көрген ем...
Ау, менің қыран тектес қанаттым,
Сен соны бүкіл əлемге таратқын!.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter