Өлеңдер ✍️
Жерұйығымның жұмағы
Онсыз да жатыр заманы сынап,
Қайтесің менен қаланы сұрап?
...Ақсудың бойын аралап қайтсаң,
Ауасы-қымыз, самалы-шұбат.
Қымызы қандай, шұбаты қандай,
Жерұйық жердің қуаты бардай.
Рахаты сол ғой, лайық боп қайтсаң,
Қалқатай қызды жылатып алмай.
Сұлудың жақын жақсыға жаны,
Жүрексіз қалай бас құралады?
Айтпақшы, осы, жерұйығымның
Жүрек тұсынан Ақсу ағады.
Жүрек тұсынан ағады дағы,
Шайып өтеді ала-құланы.
Көңіліңді шалқар дала қылады,
Даланы толған лала қылады...
Нұрсапа-күйдің домбырасынан,
Молықбай шалдың мол мұрасынан,
Ағылған аңыз, төгілген сырды
Ақсудың көрдім толқымасынан.
Толқыса, кейде, құлап ағады,
Құлап ағады, жылап ағады.
Ілиястай ақын ұлын ойласа,
Тынысы кеңіп, тына қалады.
Алдыңда тұрса арынды асулар,
Жаныңда бəрі.., қауымдасыңдар!
Ақсудың кейде аптығын басар
Қанипа сынды қарындасың бар.
Арқаңда əлі жүгің бар нардай,
Ырысты жұртқа ырым болғандай.
Ақсуға қарап алаңдай берем
Құлагер-жырдан құлын қалғандай
Алаштың бойға арманы қуат,
Арман-мұратсыз қалмады бірақ.
Жерұйық жердің жүрегі қандай
Жұрты да сондай, жандары-жұмақ.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter