Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  216


Автор: Бақыт Беделханұлы

Кертолғау

Алқалы жұртым аман ба?
Амандық бердім саған да.
Амандасып алғаным
Жеңілдеу болар маған да.
Бір аз ғана сөйлейін
Он сегіз мың ғаламға.
Құлақ салып тыңдап қал
Дін мұсылман аманда!
Арындап бүгін сөйлесем,
Алатау менен Арқаңмын,
Тыңдаған жанды тербесем,
Атырау, Алтай шалқармын.
Сарыарқадайын жер десең,
Сайын да дала салқармын.
Қаршадай ғана кезімнен
Қалың жұртыма қалқанмын!
Хан тау керек десеңіз,
Хантəңірдей өр едім.
Хан жайлау керек десеңіз,
Қарқара менен Шəлкөде
Əрқайсысы бір бір мəртебе
Жайылып жатқан төр едім.
Мөлдірлік керек десеңіз
Көлсайдай тұнық көл едім.
Жетісу жеті өзенім
Жеті атамнан бері қарай
Жетеуіне де егемін.
Кеңдігімді сұрасаң
Дүниенің шегі едім.
Өрлігімді сұрасаң
Аспантаудың белі едім.
Су жол берген кешегі
Райымбектей батырды
Ұран қылған ел едім.
Мұзда туған мұзбалақ
Мұқағали ақынды
Қыран қылған ел едім.
Қос қанатым секілді
Құлманбет пенен Көдегім.
Албан Асанның көзі едім,
Бөлтіріктің сөзі едім.
Шалтабаймын, Шарғынмын
Тəңірден күткен кезегін.
Жəмеңке,Ұзақ, Жайнақпын,
Жанынан артық көретін
Өз жерін туған өз елін.
Қапездің салған əніне
Жылап жатқан жұбанар
Бесіктегі бөбегің.
Сəдіқожа əн салса,
«Сарыбидай» еді өзегім.
Бердібек Соқпақбаевтай
Сөздің де салғам өрнегін.
Сағат Əшімбаевтай
Желтоқсанның желіне
Жүрегімді бергемін.
Еркін Ібітановтай
Асқар шыңдармен тең едім.
Айтжан менен Нұрбапа
Тарихтың тартқан тереңін.
Заманбек көкем тұрғанда
Заманға лайық ер едім.
Алтынбек Сəрсенбаевпен
Ақылдың бітпес кені едім.
Оразалыны қозғасам
өртенер менің өзегім.
Асылдарымды ардақтап,
Асыл сөзімді салмақтап,
Ел үшін туған ер едім.
Тауда туып, тауда өскен
Қабырғалы қазақтың
Білсін деп айттым дерегін.
Қаймақтай сүзіп аларсың,
Болып жатса керегін.
Бəрін айт та бірін айт
Хан Тəңірден ғана көрінер
Байқасаң менің көлемім.
Болмасын іште жауымыз,
Шықпасын сыртқа дауымыз.
Бірлікте ғана жүрейік,
Тірлікте есен сауымыз.
Асқақтағанда даламыз,
Аласармасын тауымыз!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу