Өлеңдер ✍️

  24.05.2022
  192


Автор: Бақыт Беделханұлы

Махаббат күні

Сен он алты жасыңда,
Он жетіге жетер-жетпес кезіңде.
Ақ жүрегің таныстықтың басында
Əніменен баурап еді от сезімге.
Сол сезімнің серт боларын кім білген.
Білетінмін бірақ, бірақ... дəл емес.
Сол дауысты тең көруші ем бұлбұлмен
Ал, қазіргі... ол кезгідей əн емес.
Үмітіңді үніңменен үкілеп,
Махаббатты мəңгі мас қып тастап ең.
Күдігімнен күдер үзіп, үһілеп,
Содан кейін өмір жолын бастап ем.
Балаң көңіл басылмаған аптығың,
Ғашықтықты ыммен ғана сездіріп,
Жанарыңнан төгілетін шаттығың,
Көркің де бар алатұғын көз құнын!
Сен мен үшін мəңгі мекен – жыр елім.
Жырда ақындар періште деп бағалар.
Жүрегімнің ішіндегі жүрегім,
Ондай жүрек тек біздерде ғана бар.
Өкпелетсем өз жүрегім ауырар,
Ішіндегі жүрегім сəл шым етіп.
Шаттандырсам, бар бақытым табылар
Баяғы əнің қайта туып шыр етіп.
Əуелесін сол махаббат – əніміз,
Сиқырына еш құдірет жетпейтін.
Сен мен үшін мəңгі күзсің, Сары қыз,
Тек құстары жылы жаққа кетпейтін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу