Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
23.05.2022
108
Жалғыздық
Мен өзім бақыт қуған момын еді,
Жасымнан бақыт кілтін жонып едім.
Үш жасқа жетер-жетпес әкем өліп,
Құдайға тірі жетім болып едім.
Сұңқарсыз шешем қалды жылай-жылай,
Тағдырға мазақ болдық бұдан былай.
«Жетімді есіркейді» деген қайда,
Жанымдағы білгіштер бәрі құдай.
Сұм өмір сенен рахат табам деп ем,
Балдәурен үлесімді алам деп ем.
Арманға тас тағдырым жеткізбеді,
Алысқа құлаш сермеп барам деп ем.
Белім қатпай тұрып-ақ армандадым
Бір күн көңіл қуанса далбаңдадым.
Аймалаған анамнан айрылсам да,
Өнер-білім қуудан арланбадым.
Аға да, іні де жоқ, қарындас та,
Амал жоқ бір Тәңірге жалынбасқа.
Туғанда жалғыз тудым, өстім жалғыз,
Не шара қаны бірді сағынбасқа.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter