Өлеңдер ✍️

Ұстаз - ғұмыр
Өмір деген сан қилы жолдың тармағын,
Қиялмен шолып, шарлап қайда бармадың?
Ұядан ұшып, қанат қағып кеткенде,
Адам болып қалу еді арманың.
Сол арманмен ұстаздықты таңдадың,
Шәкіртпен бірге ұйқысыз атты таңдарың.
Өзің берген біліміңді басшы етіп,
Талай ұрпақ қанат қағып самғады.
Жасартып жүр, тынымсыз еңбек өзіңді,
Сын-тағдырға шыңдалып өстің төзімді.
Сан жүздеген шәкірттерің ой салған,
Ұмыта алмас жүрекке жеткен сөзіңді.
Болмаса да қомақтылау айлығың,
Шәкірттерің сенің жиған байлығың.
Соларменен ғұмырыңды өткізген,
Мектеп сенің өмір бойғы айдының.
Екінші үйің мектеп болды бұлақтай,
Абыройын соның жүрсің құлатпай.
Мектеп дуын естіген де бір бақыт,
Бұл да кезең ағып өткен сынаптай.
Жас келсе де, қол қусырып жатпадың,
Шежіре жинап, мұражайды баптадың.
Тарихы мол, қасиетті мектептің,
Зерттеп жүрсің өткен-кеткен жақтарын.
Тірілтіп бүгін өшкендерді келесің,
Солармен бірге аңыздарға енесің.
Мұражайды мәдени орта жасадың,
Жүргізер баптап білімнің алып кемесін.
Шәкірттерің ұқсайды бүгін құстарға,
Қуанасың айналып сені ұшқанға.
Ұмытпай жүріп, құттықтап кетсе өзіңді,
Бұдан артық бақыт бар ма ұстазға!
Дей алмаймыз, Майраны біз қартайған,
Әлі де тың, әжімі жоқ байқалған.
Тербеле бер ортасында жұртыңның,
Бәйтерек боп жапырағы жайқалған.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇