Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  124


Автор: Ошақбай Суханберлин

Біздің мектеп

БІРІНШІ ӨЛЕҢ
Сарғайып журнал үлгерген,
Аттары бар талайдың.
Сыр тартып өткен күндерден,
Беттерін ашып қараймын.
Аға ұрпақ мұнда білім ап,
Ұядан ұшып кеткен-ді.
Өмірдің сырын ұғып ап,
Құс жолына жеткен-ді.
Іздері жатыр солардың,
Алтын ұя – мектепте.
Ұмытуға хақың жоқ,
Ғаламат еңбек етсек те.
Бүгінгі жүрген ағалар,
Өзіңнен ұшқан түлектер.
Солар ғой осы өңірді,
Жан бітіріп түлеткен.
Мектебім мынау, әлі де,
Ұшырар мыңдап асылды.
Жалғастырып келеді,
Ғасырлар мен ғасырды.
Алыптар ұшқан айтулы,
Шежіре ғой өткенің.
Бәрінің де бастауы,
Өзіңсің – қымбат мектебім.
Жетпіс бес жыл жасадың,
Жасай бер мәңгі, мәңгілік!
Қоңыраудай сыңғырлап,
Шәкірттердің дауысы.
Құлақта жүрсін жаңғырып.
Ұшырған баптап құстарың,
Өзіңнің берген үлгінді,
Айтып жүрсін ән қылып.
ЕКІНШІ ӨЛЕҢ
Өндіріс кеп дүрілдетіп даланы,
Бірте-бірте сала бердік қаланы.
Қаламыздың 80 жылдық тарихы,
Біле білсең бізден бастау алады.
Не бір тағдыр басымыздан өтпеді,
Аңыз болып қалып жатыр өткені.
Ұлылар да, ғалымдар да ғажайып,
Біздің мектеп – түлеп ұшқан мектебі.
Қайраткер де, әртістер де, жазушы,
Егінші мен көмір кенін қазушы.
Біздің осы шаңырақтан ұшқандар,
Дәрігер де – адам жанын бағушы.
Шежіре сыр – бүгінгісі, ертеңі,
Біздің мектеп – ұландардың мектебі.
Ұлтымыздың мақтанына айналған,
Біздің мектеп – қырандардың мектебі.
Бүгінгі күн – ел батасын алған күн,
Білім үйі жаңа бүршік жарған күн.
Ұлтымыздың рухын биік самғатқан,
Жасай берсін Тәуелсіздік алған күн.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу