Өлеңдер ✍️
Качаловтың итіне
Кәне, Джим, бере қойшы қолыңды,
Құйрығыңды қыса бермей борбайға.
Көкке ұлып бір жұбатпасақ көңілді,
Кім қарайды мына біздің хал-жайға?
Кәне, Джим, бере қойшы қолыңды.
Түннің өзі түңілгендей түрімнен,
Қайтем енді,
Қабағымда жатса қар?
Тұмсығыңды жалай бермей тіліңмен
Менен де жай ұқсаң етті, бәтшағар!..
Қожайының әлеуметке әйгілі,
Ауласынан арылмайтын қонағы.
Бірі есіркеп,
Еркелетіп қайбірі
Жон арқаңнан сипалаған болады.
Көзіңе еніп көрген емес күйкі мұң,
Жан біткенді жатырқау да саған жат.
Хал-жайыңнан хабар беріп сүйкімің,
Есік жаққа жүргенің сол алаңдап.
Қайран, Джим!
Жадыңда кім жаңғырған?..
Қашан, қайдан келмей жатыр қай қонақ?!
Бірақ, бірақ...есіңде ме сол бір жан,
Сені алдына ап отыратын аймалап?..
Келеді Ол жан!
(Тәрк етпесе ел ішін...)
Келген кезде, айналайын, аусарым,
Өтінемін, өзің және мен үшін
Жалашы әппақ, нәзік, сүйрік саусағын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter