Өлеңдер ✍️
Мен Босфорда бір рет те болмадым,
Мен Босфорда бір рет те болмадым,
Болмаған соң ол жайында айта алман.
Көздеріңнен көк теңізді болжадым,
Шамадан тыс шамырқанып шайқалған.
Бағдатқа да кіре тартып бармадым,
Тасығам жоқ жібек пенен хынаны.
Гүлдеп, бүрлеп, жаңа бүршік жарғаның
Және талдай майысқаның ұнады.
Қалай ғана қаперіңе кірмей жүр
(Шынында да сұлу менің не теңім?)
Россия деген елде білдей бір
Атышулы, әйгілі ақын екенім?
Әншейінде бәріміз де әншіміз,
Ит те ұлиды, әдетінше, Ай көрсе.
Мақпал мақам, мәйін мінез, парсы қыз,
Маған деген мезіретің қайда енше?
Әлде, сенсің...
Әлде, ынтызар тілегім...
Нендей сиқыр мені мұнда шақырған?
Айдай өңің,
Аққу мойын – білегің
Айырмаса нетті бір күн ақылдан.
Жалғыздығым бара жатыр жанды илеп,
Шетте жүріп шекпейінші мен қайғы.
Көңілімді жас балаша әлдилеп,
Айтшы маған өзің жәйлі, ел жәйлі.
Әнге іңкәр емес едім мен ерек,
Онсыз да жан оңашада сыздайды-ақ...
Мұңайғаным, күрсінгенім не керек
Қайдағы бір қимай қалған қызды ойлап...
Мен Босфорда болмасам да ешқашан,
Ол жайында айтып берем көпке аңыз.
Қалай қиып, қалай ғана қоштасам,
Көзіңде анау көшіп жатса көк теңіз?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter