Өлеңдер ✍️
Қойсайшы бұл алмағайып тағдырды...
Қойсайшы бұл алмағайып тағдырды –
Саған қарау аянышты һәм мұңлы.
Ен тірліктен енді біздің еншіміз –
Ебіл-дебіл жыламсақ күз жаңбырлы.
Иә, солай,
Мезгіл күзге ауысты,
Жанды ұйытып, сен де жаңбыр, жау ішкі!
Бір кездегі құлын мүшең қызуын
Өзге еріндер өпті, құшты, тауысты...
Е, несі бар!
Уақыт өтсе – жөн алды.
Өзге шаттық өміріме жоралғы.
Келген қызық көрген түстей жоғалды...
Сарғаюдан басқа енді не қалды?
Тәтті өмірге жүрмек үшін тамсана
Өзімді-өзім аядым ба жан сала?
Бос уақыт өтті менен қаншама,
Қателіктер кетті менен қаншама!?.
Өкінбеймін, Шақырмаймын, Жыламан ...
Жайлы күні,
Қайғы-мұңы аралас
Өмір ғой бұл,
Өтер, кетер, қарамас.
Ақ қайыңның жапырақсыз бұтағы
Ескі мола сүйегіндей жалаңаш.
Осылайша жалт етпе жыл, қысқа айың
Бастан өтер,
Бақтан ұшқан құстайын.
Қыс ішінде таба алмассың гүлді іздеп,
Неге, ендеше, басымызға түсті уайым?..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter