Өлеңдер ✍️
Анаға хат
Амансың ба, әулием-ай, қартым-ай?
Мен де жүрмін аман-есен сырт елде.
Әйнегіңнен Ай сәулесі балқымай,
Отырсың-ау ойға шомып күркеңде.
Жаның тынбай,
Жалғыздыққа ем жоқта,
Жар басынан жамбасыңа жүк құлап,
Қарай-қарай көзің талды-ау мен жаққа,
Қайта-қайта қара жолға шыққылап.
Қайырымсыз қара түннің ішінде
Қалғаныңды қайдан білсін жұрт бірақ.
Жүрген шығар әлдекімдер түсіңде
Жүрегіме сұм қанжарын сұққылап...
Кейуанам-ай,
Беу, анам-ай,
Панам-ай –
Бұл жалғанда сенен асыл жан жоқта,
Дидарыңды бір көруге жарамай
Қалай ғана кете барам анжаққа?..
Өзгергем жоқ,
Бәз-баяғы сол ұлың,
Бар болғаны – ащы сумен ашына.
Талақ тастап тоғышарлар тобырын
Көп ұзамай қайта оралам қасыңа.
Қайта оралам,
(жеріп біттім бәрінен)
Біздің баққа нұр сепкенде сұңғыла Ай.
Бірақ мені оятпашы сәріден
Әдетіңше сол сонау бір жылғыдай.
Салма есіме қараң қалған арманды,
Алдап кетті қиял деген құрғырың.
Қартаймаған, қажымаған нем қалды,
Ашылмастан он екі де бір гүлім.
Бұрынғыдай тұрмаған соң құлшынып,
Керек емес Құдайға да құлшылық!
Екеумізге ендігі ортақ тіршілік –
Қара жерде қалт-құлт еткен бір шыбық...
Налыма да,
Жалынба да тағдырға,
Кірпігіңнен, маған бола, мұң тамып.
Жолға қарап жанарыңды талдырма,
Көнетоздау күртешеңді қымтанып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter