Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  142


Автор: Сергей Есенин

Қанша күнді қалғып-мүлгіп қарсы алдым....

Қанша күнді қалғып-мүлгіп қарсы алдым,
Қанша күннің құрдымына құйылдым...
Алғаш рет махаббат деп ән салдым,
Алғаш рет тентектіктен тиылдым.
Қыздырмайды қызыл күрең шарабың,
Құлықсызбын өтіп жатқан күнге де.
Күзгі бақтай күрең тартып барамын,
Үйрек ұшып, қаз қонса да іргеме.
Көздеріңе отырайын қарап тік,
Ерік беріп еріп, түскен жасқа да:
Өткеніңді өкінішсіз талақ қып,
Менен кетіп қалмау үшін басқаға.
Тамырыңа удай тарап мұңды үнім,
Бал тамызсам жүрегіңе тілімнен.
Құзырыңа құрақ ұшып құлдығым,
Сендірсем-ау сүйе білетініммен.
Бәріне баз – шарап, қабақ, саябақ...
Өлеңмен де қатырмайын басымды.
Сенің ғана саусағыңды аялап,
Сенің ғана тарасам-ау шашыңды.
Бірге кетем,
Қаласаң да қай елді!
Маған мекен бола алмайды бұл Тамұқ...
Алғаш рет сүйдім білем әйелді,
Алғаш рет өзімді-өзім шын танып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу