Өлеңдер ✍️
Махаббатқа сенбесең де, жоқ деуге оны болмайды...
Махаббатқа сенбесең де, жоқ деуге оны болмайды,
Жоқ деген жалған сөздер көңіліме толмайды.
Адамдар бар не түрлі махаббатты сөз еткен,
Біреу оны қорғаса, біреу оны қорлайды.
Сенсіз күнім не болар бұл жалғанда, аяулым?
Жүрегімде ізі бар өткен күннен қаяулы.
Сен басқамен кетсең де ұмытып мені мәңгіге,
Саған деген көңілім әлі күнге ояулы.
Егер мені шын сүйсең, хал-жайымды сұрама,
Егер мені шын сүйсең, “кінәлімін” деп жылама.
Егер мені шын сүйсең, өкініштен өртеніп,
Егер мені шын сүйсең, өзіңді өзің қинама.
Өрлеп өткен өлеңді айтқан сайын,
Сені іздеймін жыр жолынан қайтқан сайын.
Сағыныштың үйіне кіріп алып,
Іштей бір сезіммен ой тастаймын.
Маған деген адал жар сен емес пе ең,
Мен де сені мәңгі сүйер ер емес пе ем!
Кешір мені, кешірші кешіре алсаң,
Бір ауыз сөз айтпай кетсем елеместен.
Сен болдың ақ арманым, сүйген жаным,
Арман боп жүрегіме кірген бағым.
Үйреніп қалғаным ба бір өзіңе,
Шыға алмаймын мен өзіңсіз үйден, жаным.
Сен келер деп есік жаққа елеңдедім,
Елеңдедім, бәлкім сені келер дедім.
Бір күн емес, бір минут көре алмасам
Сағыныштың отына күйіп өлер ме едім.
Өз-өзімнен өртеніп барам жанып,
Мен өмірде жүргендеймін қараң қалып.
Махаббаттың уы болып жабысқан,
Бересің бе жүректегі жарамды алып.
Жаным, саған сөз бастайын бойды жарып,
Жұмырланған санамдағы ойды жарып.
Езіліп кейде жүрек сағыныштан,
Қараймын сен келер деп жолды барып…
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter