Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  195


Автор: Ерлан Рымбек

Ой, дүние-ай

Ой, дүние-ай, жерге түскен сынаптайсың,
Домаланып алыс жаққа жырақтайсың.
Қырға шапқан тулаған асау аттай,
Алдап-арбап құрыққа да ұстатпайсың.
Ой, дүние-ай, сыңғырлаған бұлақтайсың,
Арман отын жандырған шырақтайсың.
Жұмбақ болып жанымды қамшылатқан
Жеткізбейтін нар биік сұңғақтайсың.
Ой, дүние-ай, көкте самғар қырандайсың,
Ой-санама жеткізбейсің, сылаңдайсың.
Қос тілін жылт еткізіп айбат шеккен
Бауырымен жорғалаған жыландайсың.
Ой, дүние-ай, соқыр-мылқау тұмандайсың,
Не жылап, не бір сәтке күле алмайсың.
Адамның өрт мінезді от тірлігін
Адастырып, жоқ болып жүре алдайсың.
Ой, дүние-ай, шамын жырдың жағармысың,
О, дүние-ай, жұлдызым боп ағармысың.
Жан-тәнімді өзіңе баурап алып,
Көңілімнің терезесін қағармысың.
Ой, дүние-ай, саған қарап телміремін,
Ар-санама құдай өлең берді менің.
Өзі өлсе де артына із қалдырған
Ұлы Абайды келмейді өлді дегім.
Өлең тулап жүрегіме келді менің,
Қалайша мен бұл өлеңді сөндіремін?
Көңілімді қара бұлт торласа да,
Осы өлеңмен мен сені көндіремін.
Сап, көңілім, сен текке асауланба,
Керек қой бір сабырлық ашуға да.
Арманыңа жетерсің уақыт өзі келгенде,
Бағың таңдай гүл болып ашылғанда.
Өлең өріп пәк түлеп бұл шақта мен
Бір өзіңе айтылмас сыр сақтап ем.
Ой, дүние-ай, бар өмірім жылау болса,
Жөн емес пе шықпай жатып құрсақта өлген!
Дүние-ай, аласұрып желді лебің,
Өлең құсап артымнан ерді менің.
Өлең деген Отанның бар екенін
Ақ қағазға түсіріп сендіремін.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу