Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  125


Автор: Мұрат Шаймаран

Мола балладасы

Егер мені іздесең,
Думандардан іздеме.
Ойсыз-мұңсыз шаттыққа,
Алданамыз біз неге?
Биіктерден іздеме,
Самғаулардан іздеме,
Əлдебіреу аңсаған армандардан іздеме,
Қол жетпейтін жалғанға
Шөліркейміз біз неге?!
Көлдегі ерке мап-майда толқындардан іздеме;
Тамбай кеткен бұлттағы жарқылдардан іздеме;
Іздемегін тағы да хабақхана төрінен;
Ащы-тəтті дегеннің бəрінен де жерігем.
Таба алмассың сен мені сары алтынның буынан,
Байлық-даңқ дегеннен қайран көңіл суыған.
Махаббаттан іздерсің,
Баса көрме ол маңға!
Жазылмастай жас жүрек қамшы жеген одан да.
Жоқтарсың-ау бір күні, жаным оны танып тұр.
Əуре болма көрінген есіктерді қағып құр...
Айтып едім өзіңе, сонау бір күз болатын...
Бар еді деп бір адам: өзі мұңды, өзі ақын.
Сол бейбақты пенделер аттандырды ескермей,
Шаң-шаң болған архивін,
Ақтармай да, тексермей.
...Қараушы еді тағдырға қабағымен тым суық,
Тұр, əнеки, тас мола –
Дəл өзіндей мелшиіп.
Тарынғанда тəлейі, күн туғанда тымырсық,
Бір сарынға басатын өзді-өзінен ыңырсып.
Жабырқаңқы қиялын бір сəт еркін жіберіп,
Сосын қайта кетуші еді жауар күндей түнеріп.
Əйнегінен үйінің өлеусіреп шам нұры,
Шам нұрымен тербеліп тұрушы еді тағдыры.
Ал, ертесі ертемен шырылдаса сағаттар,
Жатушы еді шашылып жырға толы парақтар...
Шыңыраудай шым тартар күдік ашып күбірге,
Заман деген «дəу кісің» оқымады бірін де.
Жаны жүдеу ақынға берер дейсің кім азық,
Көрінеді моласы содан бері құлазып.
Жылытпады дүние, қара жерің жылытпас,
Тұр, əнеки, қасқайып жел мүжіген құлпытас.
Түсінбесе боздағын туып өскен елге сын,
Құлыптаста ақынның туып-өскен бейнесі...
Егер мені іздесең,
Думандардан іздеме,
Ойсыз-мұңсыз шаттыққа алданамыз біз неге?!
Егер мені іздесең,
Іздемегін жасыннан,
Өтер-кетер дүние арнасынан тасынған.
Сұрамағын жəне де достарымнан, қасымнан,
Бейуақытта үн жетсе сонау қырдан, тосыннан,
Іздеп мені табарсың сол моланың басынан.
Ізде мені сол жерден,
Тағар дейсің кім айып,
Ақын рухы алдында алу керек мұңайып.
... Түс көремін,
Түсімде жетпей күннің шуағы,
Сол тас мола ызадан қалш-қалш етіп тұрады...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу