Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  173


Автор: Мұрат Шаймаран

Ақшамда ару сайрам жағалауы

Бұрын да солай болған,
Болады əлі,
Аспанның шағи бұлттар орамалы.
Қыз күлкісі,
Шулаған құс қиқуы,
Ақшамда ару Сайрам жағалауы.
Айдын мəз суретіңді ұрлап алып,
Қайың мəз жапырағы сырғаланып.
Сен мəзсің езуіңнен лағыл төгіп,
Əдемі балтырыңды суға малып.
Секілді ернің шəрбат,
Төсің – алма,
Жұмақ – түн,
Жұлдызы жарық кешің алда.
Сүю деген сүннет қой,
Сүйе алмасақ,
Жаратты жүрек беріп несін Алла.
Шалқисың обалыңды есіңе алмай,
Мен тұрам шанағымда көсіле алмай.
Ақ мамық алақанмен су шашасың,
Онсыз да жанған отты өшіре алмай.
Құмарым ұйып тұрған сүттей менің,
Таусылмас бұл бір лəззəт бітпей демім.
Бұлқынып құлын мүшең көзге ұрады,
Малынып көл суына шыт көйлегің.
...Кеткендей жанартау боп жарып құшақ,
Басталар одан əрі зарықты шақ.
Бір ысып,
бір суынып құм үстінде,
Жатасың қайрандаған балық құсап...
Бұрын да солай болған,
Болады əлі,
Тарқамас жастығыңның жағалуы.
Біз кеттік, жоғалттық не,
Таптық нені,
Қап қойған жасың сүрткен орамалың...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу