Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  139


Автор: Мұрат Шаймаран

Аңсау

Өрте мені, күннің қызыл кірпігі,
Жанып-жанып күл боп тынам бір күні.
Заты бөлек безбүйрек бұл заманда,
Ақын болып өмір сүру күлкілі.
Жүрегімнің іші – заһар,
Басында – у,
Аласұру,
Адасу һəм тасыну.
Мені өзіне баурайды да тұрады,
Қожа – Хафиз ғасыры.
Ағыл-тегіл сөз емшегін идіріп,
Аспан ойды алты жолға сыйдырып,
Сол шалыңмен шарап ішіп отырсам,
Сахи досқа құйдырып.
Мəйхананың мысын басып дүбірім,
Жыр оқысам бар дауыспен бір ұлы.
Көшпендінің шайырына көз сүзсе,
Парсылардың пəранжалы сұлуы.
Тереңдігім теңізбен тек өлшенсе,
Бір хикмет боларына ел сенсе.
Аты аңыздай Хафизіңнің өзі де,
Қызғаныштан өртенсе.
Кемерім кең,
Төгілмеспін шайқалсам,
Мен ұқсап айт!
Арманыңды айта алсаң.
Айбатына сенген Ақсақ-Темірің
Атбасындай алтын беріп қайтарса.
...Байлық-даңқ ете алмайды мені елең,
(Сені ғана қайтам алып, о, Өлең!)
Ат басындай алтыннан бар аруға,
Сыңғырлатып сырға жасап берер ем...
Қайың бүрлеп,
Түзегенмен шетен бой,
Гүлдің реңі,
Нілдің өңі бөтен ғой.
Оһо, жалған, ақындықтың мезеті
Өтіп кеткен екен ғой...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу