Өлеңдер ✍️
Түнге мадақ айтасың-ау
Таң атады, оятады.
Кеш батады лəззатты.
Жар төсегі – жаннат мекен, ұмыттырар азапты.
Иен-тегін жайлағандай жасыл жайлау сонысын,
Бар ғұмырдың бал шарабын екеу ара бөлісіп.
Бұл шараптың теңін тауып айта алмағам бұрын да,
Ғайып берген кəйіп сезім шабады-ау бір буынға.
Құлан сынды құба мойнын толқын қара шаш жауып,
Тоят тауып жатады жар жүрегіңді жастанып.
Шөлі қанған еріндері шұғынықтың гүліндей,
Кемеріне толған кеуде бір тынып, бір дірілдей;
Жатады жар,
Ал сен болсаң, көп əсерден көз ілмей,
Түнге мадақ айтасың-ау ауырлығын сезінбей.
Сенбейсің-ау,
Сенбейсің-ау айды суық дегенге,
Көнбейсің-ау,
Көнбейсің-ау қайғы жуық дегенге;
Таудың тарпаң бұлақтары күліп ағар секілді,
Құлаған көк жерден басын жұлып алар секілді;
Шегірткенің шырылы да бұлбұл үні секілді,
Жапырақтың сыбдыры да құрбым үні секілді;
Жаңбыр бұлты кісінеген қара айғырлар секілді,
Жалбыр тонды жадау бала сарай барар секілді;
Алма ағашы ақиқат боп бүр жаратын секілді,
Сенсіз-дағы мынау ғалам жырланатын секілді;
Секілді бір қолтығында қоғамның бұл қытығы.
...Тіптен, əндей естіледі қаптесердің тықыры.
Таң атады, оятады.
Кеш батады лəззатты.
Жар төсегі – жаннат мекен, ұмыттырар азапты.
Шаймаранның шайыр ұлы, шараң асып шарқ ұрма,
Бəрі алдамшы, бəрі жалған,
Сабырыңнан сарқылма.
Алуан бояу, əуейі дүние арбайды кеп жанарды,
Өмір деген кейде жарық, кейде көрдей қараңғы.
Көңіліңе қонақтайды көбелектей көп елес,
Көкке қарап ұлитұғын жалғыз бөрі сен емес...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter