Өлеңдер ✍️
Анна кемпірге ода
Анна Петровна!
Бұл есімге тіл сындырғам əрең мен,
(Келгенім бар Ивандары жоқ елден).
Мəскеулік сол княздардың сарқыты,
Тəкəппарлығы асып жатқан кемерден.
Шалқар күннің шаттығынан тыс қалған,
Сені қайтем, запыраны күшті арман?
Əмияны – тымсақтардың əулеті,
Тəні сусар терісімен тысталған.
Жəне жанды жеген тұздай көзінен,
Мұздай суық мысы барын сезінем.
Жалға тұрған жадау лашығымда мен,
Сол кемпірді ойлап жатып көз ілем.
Мезгіл мені меңіреу етті десі – қыс,
Жемін тауып жей алмаса несі құс?!
Кемпір маған дəрі ме екен,
Қызына...
Көз саламын омырауы қос уыс.
Ол да солай əсемдігін білдірсін,
«Мынау тегін Қазақ емес, кім білсін?!»
Ойлы-мұңды қарағанмен ол маған,
Бұйдасынан ұстатпайды бүлдіршін.
Анна кемпір, ақсары қыз ісігі,
Қызықтырмас қыры қашқан кісіні,
Одан гөрі мені баурап алады,
Сойы итке ұқсайтұғын күшігі.
Мысығыңнан мысқал əрмен бітімі,
Күшік,
Күшік,
Тым асылдан тұқымы.
Қарғыбаудың өзі таза алтыннан,
Ал адамнан артығырақ күтімі.
Ағылшын ба, заузаты қай жатырдың?
Тегін тектеп біле алмай-ақ аһ ұрдым.
Мен, əйтеуір, даламның маң төбетін
Бала кезден ит деп білген пақырмын...
Онсыз жетім көңілімді көкпар ғып,
Оһо, жалған, теріп қайтем жоқ-барды.
Бірде жарым: «Анна кемпір итіне
қала жақтан пəтер апты,» – деп қалды.
Өмір, өмір, емессің-ау жай ағын,
Жоқ үмітке құшағымды жаямын.
Есіме алып қайыры жоқ Көкемді,
Анна кемпір «Молодец!» деп қоямын...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter