Өлеңдер ✍️
Алатауға жеткен арқырап...
Майлы мен Жайыр жонынан,
Жасыны ойнап бұлт аунар.
Көзімде тұрған көгілдір,
Сағыныш сынды бұл таулар.
Қия бір жартас бетінде,
Сұңқылдап қалды сұңқарлар,
Бəрін де алып келер ем,
Жібермей қойды-ау сым-торлар.
Кешіргін мені, жан аға!
Көлеңкесімен көлбеңдеп,
Көңілге кірді бір іңір.
Сыбырлап мұңын айтады,
Өзімдей жаны сірі жыр.
...Жаулығын бұлғап жаутаңдап,
Қап қойған со-н-ау жылы бір,
Жасаған өзің өреге,
Құрт жайып апаң тірі жүр.
Сүйінші маған, жан аға!
Желкілдеп өскен сол тоғай,
Желігіп аққан сол бұлақ.
Өзің бір сүйген сол сұлу,
Ақұлпа жүзі албырап,
Жырыңды сенің оқиды,
Жастыққа мас боп балбырап.
Елітіп аңқыр сол ермен,
Қылығы тəтті сол құрақ...
Есіңде ме сенің, жан аға?!
Кіндік бір қаның тамған жер,
Ол енді саған тым алыс.
Сағыныш деген самғар бел,
Жаныңа серік – жұбаныш.
Кіретін жиі түсіңе,
Жазира дала,
Бұла ағыс –
Ертісің алып есіне,
Құлыстай етер қуаныш.
Сезесің бе соны, жан аға?!
Аңсаудан артық ауыр не,
Сөз бе екен ажал, тəйірі?!
Көзіңе қамшы салдырып,
Батты ма қайыс айылы;
Алатауға жеткен арқырап,
Қазақтың дүлдүл шайыры?!
Соғып бір өтсе маңдайдан,
Батыраштардың сойылы,
Есіңе туған ел түсер...
...Бəрінде алып келер ем,
Жібермей қойды-ау сым-торлар...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter