Өлеңдер ✍️
Сол бір ескі әуендерге
Алматы тұр басына бұлт үйірген,
Алма ағаш тұр қардан көйлек киінген.
Аласұрып аңсаймын да тұрамын,
Сызылта тартқан қайршының күйін мен.
Төбемдегі жыртық – аспан, жыртық – күн,
Ақынмын мен,
Бір-ақ талмын, бір түппін.
Көзіндей боп қалған көне ғасырдың,
Сол бір ескі əуендерге ынтықпын...
Тарт күйіңді, тарт, Қайыршы!
Сыңсытып,
Жабырқаған жанардан жас ыршытып.
Жібір ме екен əлде өмірдің жүрегі,
Бауыры тас тағдыр қабақ тұр шытып.
Тарт күйіңді жеңе алмайтын еш өлім,
Тарт күйіңді, қайтарма ақын меселін.
Тарт күйіңді, жырсыз, нұрсыз һам күйсіз,
Адамдар бұл қалай ғұмыр кешеді.
Асырып бір ұлы өнердің мерейін,
Баста, кəне, мұңды саздың егейін.
Баста, кəне, қалтамдағы ең соңғы,
Қалған жарты жармағымды берейін.
Сарқытындай Хафиз сынды жыраудың,
Теңгесіз де тірі жүретін шығармын.
Не болмаса шляпамды қолтықтап,
Бір мүйісте өлең оқып тұрармын...
Алаң етіп алғы күнін былайғы,
Ағыл-тегіл қарт Алатау жылайды.
Бізді қойшы, Алматының өзі де,
Қолын жайып көктен қайыр сұрайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter