Өлеңдер ✍️
Мағжанның соңғы сәтін елестету
Сыңсып желі сол сəуірдің бөрідей аш мың ұлып,
Көмескіде жатқан күбір көкірегіңе тығылып.
Мың тоғыз жүз отыз сегіз – жыл еді тым сұрапыл,
Қайран, Мағжан, тұрдың ба сен қарауылға ілініп?!
Көктем ғой бұл жапыраққа жан беретін ніл жасыл,
Баян дала бусанатын кеуде керіп күнге асыл.
Көктем ғой бұл, сен жырлаған көктем ғой бұл, баяғы,
Ақ қайыңдар, ару талдар тағынатын сырғасын.
Аспан – ана желбіретіп аппақ шағи орамал,
Алуан гүлдің арасынан іздейтұғын ара бал.
Көктем ғой бұл, оған ғашық көгілдірдей адамды
Айтшы, тарих, айтшы маған!
Өлтіруге бола ма?!
Тұп-тұнық бір тұмадай боп тулап жатқан сөз анық,
Дəуіріңнің əр əмірін жібердің бе қаза қып?
Тұрдың ба сен, сұлу тəнің тамұқты да толғантып,
Гүлсім ханым аймалаған алау ернің бозарып?!
Айдай маңғаз маңдайынан арылмаған қырсығы,
О, қазақтың көркем ұлы,
Жəне сондай жыршы ұлы!
Ақтық рет алақанын саған қарай созды ма,
Алма ағаштың ақ көбелек сияқты жас бүршігі.
Əсемдіктің əрлі əлемін ақындарсыз кім ашпақ?
Өткен өмір – отты өлеңдей оқылған бір құлаштап.
Тұрдың ба сен қап-қара бір дуалдардың түбінде,
Тəкəппар һəм шамшыл басың қалпында сол тым асқақ?
Тым ертерек ояндың ба,
Ояндың ба таң сəрі?
Ояндың ба қатыгез түн жатқанда бір қан сауып?!
Қайсы қаяр қаламының ұшыменен сызылдың,
Қалды басып шүріппені қандай сұмның саусағы?!
Талпынғанда ұлы жүрек тар қапаста күш қыла,
«Мені де, өлім, əлдиле» деп айтып салдың қыстыға?
Кəззəп қоғам қолындағы қызыл отпен құйылған
Қорғасындар ажал алып саған қарай ұшты ма?!
Қасіретті жырдай болып қалды сол бір күнгі ырғақ,
«Қайғылы айдың» жанары жас,
Мың ағады, мың құрғап.
Көз алдыңнан бұл дүние бал-бұл жанып өтті ме,
Бала қыздың «шолпысындай»
Сыңғыр, сыңғыр, сыңғырлап...
Алашыңды адал сүйген – сол ма сенің айыбың?
Еркіндіктің елесі ме ең – сол ма сенің айыбың?
«Мен жастарға сенем...» дедің,
Сол ма сенің айыбың?
Мұңды, сырлы өлең бе едің – сол ма сенің айыбың?
Аспан – ана желбіретіп аппақ шағи орамал,
Алуан гүлдің арасынан іздейтұғын ара бал,
Көктем ғой бұл,
Оған ғашық көгілдірдей адамды,
Айтшы, тарих, айтшы маған!
Өлтіруге бола ма?!
Арпалыссыз тіршіліктің тамырында бар ма мəн,
Табынамын саған, Мағжан!
Түс көремін мен жаман:
Белгісіз боп кеткен сенің бейітіңнің басында,
Аруақтай боп отырам,
оянамын, таң қалам...
Уақыттың самайына қырау түскен, қарашы,
«Ізгі елшісі жұмақтың» сол жүрген жоқ па адасып?!
Моласыз еш шайыр болған емес мынау жалғанда,
Тар замана – сендей талғар таланттың моласы.
Мола – заман, заман – мола...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter