Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  119


Автор: Мұрат Шаймаран

Нөсерді аңсау

Кеуіп біттім су таппадым өзеннен,
Ыршып аққан бұлақтың да көзі өлген.
Ебіл-дебіл жаңбыр жауа бастаса,
Балауса мен шалғын исін сезем мен.
Бүгін нөсер, ағыл-тегіл болады,
(Қарлығаштар жер бауырлап барады).
Аспан-тəңір қаһарына мініп ап,
Айқайымен жаңғыртады даланы.
Жасқа малар самырсындар кірпігін,
Ақ қайыңдар қалар дүр-дүр сілкініп.
Талай болды-ау тамшы күтіп тұрғалы,
Менің ескі лашығымның жыртығы.
Жолдар анау таптап өткен кір табан...
Жайып тастап қара шашын бұлт – ана,
Оңды-солды сілтеп-сілтеп алады,
Жасындарын жанып-жанып қырқаға.
О, жасындар, жарқылда, сен, жарқылда!
Жатып алмай бұлттың жақпар артында.
Шұғылалы болу керек күн деген,
Қалу керек нөсер – нөсер қалпында.
Оны неге байқамайсың, байқұсым,
Толастамас көк пен жердің айтысы.
Жату керек ойға шомып ормандар,
Жату керек ордаларға жай түсіп!
Даңғой мезгіл даңқын кімдер тасытты?!
Ойсызға бақ, ойшылдарға нəсіп мұң.
Зеңгірлерге талпынады көгершін,
Сол бір күнге мен де сондай ғашықпын.
Ғашықпын мен айтқан қыздар таусыла,
Тау əніне, менің дертім сол шығар...
Ғашықпын мен таң сəріде ауылды,
Оятатын еркін қораз даусына.
Іздеймін мен шапағатшыл құдайды,
Іздеймін мен кездерімді былайғы.
Іздеймін мен,
Үміт менің тұлпарым,
Маған бұлттың жез қамшысы ұнайды.
Пайғамбардың үмбетіндай киінген,
Жырлай-жырлай тіліне бұлт үйірген.
Отырады күнді жайлап бір ақын,
Отырады тамшы тескен үйінде...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу