Өлеңдер ✍️
Мен теңізді аңсаймын
Мен теңізді аңсаймын,
Түсімде көрем,
Бір құмарлық жатады ішімде ерен.
Шақырғандай болады қолын бұлғап,
Барып қайтар едім мен,
Жолым жырақ.
Тамашалап қызығын сайран қыздың,
Қалса деймін ақшамда қайранда ізім.
Ақ балықтай денесін айдынға ұрмай,
Қор болып жүр сұлулар қайран біздің.
Мен теңізді аңсаймын дауылды күн,
Тыңдасам деп толқынның жалын жырын.
Асып-тасқан көңілім арнасынан,
Шексіздікті сүюші ем мен жасымнан.
Тұрсам, шіркін, ой кешіп жағада бұл,
Өмір сүру болмас ед маған ауыр.
Ендей өтіп құрлықты жетсе саған,
Кеудемдегі шарқ ұрған шағала жыр.
Мен теңізді аңсаймын жауынды күн,
Шөгіп жатқан тұмандай қалың мұңым.
Жыймастан-ақ қиялдың кең етегін,
Айқайласам, əн салсам жəне тегін.
Дауысымды жартастар қайталаса,
Əйгілеп бір ақынның бар екенін.
Мен теңізді аңсаймын қысты күні,
Құлағымда жаңғырған құстың үні.
Ақырған бір аязы ауызға ұрып,
Қарығанда жоңғардың үскірігі.
Қара жердің бойынан кеткен сенім,
Мен теңізді аңсаймын...
Құшағында жатқандай көктем соның.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter