Өлеңдер ✍️

  23.05.2022
  120


Автор: Мұрат Шаймаран

Құлап жатқан жапырақ деп ойлама...

Қарашада, қара нөпір алаңда,
Тұрды емен тағдырынан алаңдап.
Жүрегімдей қалтыраған жапырақ,
Басылады сұп-суық бір табанға.
Аспанымда күрсінеді күн жүдеп,
Тұман емес, шөгіп жатқан,
Мұңды леп!
Құлап жатқан жапырақ деп ойлама,
Мың жапырақ құлап жатыр – мың жүрек...
Сол жапырақ арасында мен бармын,
Қара жолдың жағасында мен бармын,
Қаймақтанған қара суда мен бармын,
Білем, мені алдап соқты делдал күн.
Қайтады құс еркіндігін ұқтырып,
(Мекеніне қайту қандай мықтылық!)
Көше бойы, жалғыз шырақ түбінде,
Жалқы күшік таң атқанша шықты ұлып.
Мезгіл енді əн салмайды өтімді,
Қыздырмайды, қызық, думан не түрлі.
Дүние бұл өлі көзбен қарайды,
Суып біткен жар құшағы секілді.
Жыр мен сөздің лаулар шағы емес-ті,
Көкірегімді жаулар қайғы көмескі.
Мені күтіп жатыр əне жанұям,
Һəм қиялшаң һəм ескі.
Сен айтасың:
«Бауырмал шақ жоқ күздей»,
Мен айтамын:
«тым ауыр шақ жоқ күздей».
Жетер едім, жетер едім мен соған,
Етегімнен тартады жел жеткізбей...
Аспанымда күрсінеді күн жүдеп,
Тұман емес шөгіп жатқан,
мұңды леп!
Құлап жатқан жапырақ деп ойлама,
Мың жапырақ құлап жатыр – мың жүрек.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу