Өлеңдер ✍️
Жылқы атаулары
Биеден құлын туады,
Қамыстай болып құлағы,
Одан өсер жабағы,
Жұлдыздай боп жанары.
Жақсы көріп қалады
Тәтті берген баланы.
Жабағыдан тай болар,
Жиеннің көңілі жайланар.
Нағашылап келгенде,
Үйретуге айналар.
Тұлпарым деп тұмарлап.
Бөпесіндей аймалар.
Тайдан құнан шығады
Балақай жылқы бұл әлі.
«Барып келге» бапандай,
Мінуге жарап тұрады.
Мінген бала аңдасын –
Қолы түсіп қалмасын.
Ақсап қалса шабам дап,
Құнан қалар қолау боп.
Ұрғашы жылқы бұл жаста,
Мінезді болар бір басқа.
Байтал деп оны атайды,
Денесі кемел сымбатқа.
Байқап-байқап мінген жөн
Барар болсаң бір жаққа...
Күзеліп жылқы бұл жаста,
Шолтиып және тұрмақ та.
Құнаннан шығар дөненге,
Саласың өр мен төменге.
Жарамды тұрар жас жылқы
Қашпақ пен қумақ дегенге.
Қарадан қарап қағынып,
Еркегі болар сәуірік.
Азынап жүрген айғырдан
Арқасы қалар алынып.
Ұрғашы жылқы қарын сап,
Табады тұңғыш құлыншақ.
Қулық бие атанып,
Байталға қылар апалық.
Дөненнен кейін бесті бар,
Ес тоқтатқан есті мал.
Піштіріліп бұл шақта,
Шіңгірлемей тек тұрар.
Оқыранып, сүйкеніп,
Өз иесін ес қылар.
Алтыға толып ат болар,
Азамат ерге тақ болар.
Озып келсе бәйгеден,
Ауыл-аймақ шат болар.
Бөлісіп ап жүлдесін,
Жер-дүниеге мақтанар.
Қай ақын мұны жай жырлар,
Жылқыда кие, айбын бар.
Қайырып бағар үйірін,
Қасиетті айғыр бар...
Он жаста болар ат бөлек,
Ат міну үшін бап керек...
Қартайған кәрі жылқыны
Атайды қазақ «лақса» деп.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter